Астықты қашан сатқан тиімді?
Астық жинау кезінде астыққа бағалар күрт төмендеді. Мамырдан бастап бағаның төмендеуі тонна үшін 50 евродан астамды немесе 20% құрады. Енді мәселе – бағалар төмендей бере ме, әлде қайтадан өсе ме деген сұрақта. Егінді жинағаннан кейін бірден сату керек пе, әлде сақтауға қойып, бағаның өсуін күткен жөн бе? Бұл жайлы agrarheute.com беттерінде неміс сарапшысы Олаф Зинке пікір білдірді.
"Дәстүрлі түрде астық фермерінің маркетингтік стратегиясы, әдетте, оның ақшаға деген өткір қажеттілігі мен тәуекелге бейімділігіне негізделеді. Еуропада соңғы бірнеше жылдағы астық бағасының динамикасы нақты көрсетеді: фермерлер үшін көпшілік жылдары астықты бірден сатпай, егін жинағаннан кейін сақтаған тиімді болды. Себебі ең жоғары бағалар келесі жылдың алғашқы айларында алынды. Екінші жағынан, бұл табиғат заңы емес, жағдай өзгеруі мүмкін – бағалар егін жинағаннан кейін бірнеше ай бойы төмендей беруі мүмкін. Бұл да бұрын болған", – деп атап өтті Олаф Зинке.
Әзірге Еуропадағы жаңа егіннің қандай шығатыны және оның сапасы қандай болатыны белгісіз. Астық жинау кезеңіндегі ұзаққа созылған жаңбырлар фермерлерге оптимизм қоспайды. Мұның бәрі, әрине, жаңа егінге қандай бағалар төленетініне әсер етеді.
Сондықтан жаңа егінді сақтауға фермерлерге нарықтық бағалардың қалай өзгеретінін күтіп, қарап тұруға мүмкіндік береді. Бірақ бұл бағаның өсуіне кепілдік бермейді. Сонымен қатар, егінді сақтаудың бірнеше кемшіліктері бар. Атап айтқанда: Еуропада егін жинау өте ылғалды жағдайда өтетінін ескерсек, фермерлерге кептіруге шығын кетіруге тура келеді. Үстіне, пайыздық мөлшерлемелердің өсуі және жоғары салық алымдары да сақтау құнын арттырады.
Сондықтан фермердің өз қоймасының болуы маңызды маркетингтік құрал болып қала береді. Оны дұрыс пайдаланған жағдайда ол өз пайдасын айтарлықтай арттыра алады.
«Егер фермер пайда табу мақсатында астықты сақтауды шешсе, онда маңыздысы – егінді сақтаудан түскен шекті пайда, шекті шығындардан асып түсуі керек», – деп түсіндірді Олаф Зинке.
Сонымен бірге Еуропалық одақтағы өткен егіннің қорлары өте жоғары деңгейде. Себептері – Украинадан өте жоғары импорт та, үшінші елдерге төмен экспорт та. Бұл ескі егіннің қалған көлемдері жаңа егінмен қоса ішкі астық нарығына да түсетінін, тапшы қойма үй-жайларын да толтыратынын білдіреді. Бұл бағалардың төмендеуін жалғастыра алатынына да сигнал болып табылады.
Яғни, фермерлер егін жинағаннан кейін бағалар өседі деген үмітпен қор жасаған кезде, бағалардың төмендеуі және егінді сақтаудың зиянды бизнеске айналуы да тең дәрежеде болуы мүмкін.
Сондықтан фермерлердің нарықтық жағдайды барынша сыни бағалап, мүмкін болатын нарық үрдістерін үнемі тексеріп отыруы маңызды.
«Талдаушылар көпшілік адамдар соңғы уақытта болған оқиғаларға бағдар ұстайтынын атап өтеді. Ал соңғы бірнеше жылдағы маркетинг тәжірибесі алдағы жыл да дәл осылай болады деген күтуге әкелуі мүмкін. Мұның салдары астық бағасы нарықта алдыңғы екі жылдағыдай жоғары мәндерге жететіні туралы қалыптан тыс болжам болуы мүмкін. Бірақ жағдай басқа сценарий бойынша дамуы мүмкін. Маңыздысы – осы сценарийді уақтылы есептеп шығу», – деп қосты Олаф Зинке.
Қорытындылай келе, сарапшы баға тәуекелін төмендетудің тиімді тәсілдерінің бірі — өнімді сақтауға қойып, өткізу кезеңінің бүкіл барысында астықты бөліп-бөліп сату екенін ұсынады.